Ақтауда еліміздің бас мерекесі Тәуелсіздік күніне "Алаш" лицейінің оқушыларының қатысуымен «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ұлттық бағытта білім беретін мектеп биылғы жаңа оқу жылында есігін айқара ашып отыр. Лицей басшысы Ақылбек Сүйінбекұлының сөзінше, оқу ордасы кеше ғана ашылғанына қарамастан оқушыларға ұлттың тағылымы мен ұлағатын қатар сіңіріп жатыр. Қазір мұнда үш жүзге жуық оқушыға елуден астам білікті ұстаздар сабақ береді. Ал білім беруде ұлттық бағытты таңдаған оқу ордасы жаңа жыл мерекесін емес, тарихи мерекеге басымдық беруді жөн деп санайды.
Кештің шымылдығы «Қазақ жастары» биімен ашылып, шараға Маңғыстау облысының білім басқармасы, Ақтау қалалық білім бөлімі, Ақтау қалалық білімді дамыту орталығы, ата-аналар мен қоғам белсенділері қатысты.
Бағзы замандағы хандық дәуір, кешегі Алаш арыстарының ұлт мүддесі жолындағы ерен еңбегі, отыз алты жыл бұрынғы желтоқсандағы жастар көтерілісі "Алаш" лицейі оқушыларының сомдауында сахнада көрініс тапты. Сонымен бірге, тарихты терең түйсінген жастар елім деп ән салып, өздерінің жүрекжарды өлендерін оқыды.
"Тәуелсіздік - әрбір мемлекеттің тарихи кезеңі. 30 жылдан астам уақытта еліміз жан-жақты даму жағынан көрші мемлекеттер арасында үлкен беделге ие болды. Мемлекет тарапынан барлық сала үшін жан-жақты жағдайлар жасалып келеді. Өскелең ұрпақ - еліміздің болашағы. "Алаш" лицейінің ашылғанына төрт ай болса да тәрбие мен мазмұн жағынан тағылымды шара ұйымдастырып отыр. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы арманған асы мұраты", - деді Маңғытау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.
Соңғы жылдары жекеменшік мектеп секторын дамыту аса жоғары маңызға ие болып, саны арта түсті. Бұл бәсекені арттырып, балалардың жан жақты қалыптасуы үшін зор мүмкіндік. Облыста бес жыл бұрын барлығы бес жекеменшік мектеп болатын. Биыл олардың саны отызға жетті. Соңғы екі жылдың өзінде 19 жекеменшік мектеп ашылды. Оның 12-сі биылдан бастап оқушыларды қабылдаған.
"Қыркүйек айында ашылған "Алаш" лицейін алғашқы жартыжылдықты аяқтап, қорытынды ретінде есебімізді бергіміз келді. Кеше ғана 250 оқушы мен 25 педагогпен жұмысын бастаған білім ұйымы қазір іргелі ұжымға айналды. Қазір біздің мектепте үш жүзден астам оқушы білім алып, оларға елуден астам педагог білім беріп жатыр. Осы аралықта білім берумен қатар қосымша үйірмелер де жұмыс істеп келеді. Атап айтар болсақ, дзюда, үстел теннисі, шахмат, домбыра, роботатехника, би үйірмесі, қолөнер, салт-дәстүр сынды қосымша бағыттар жүргізіліп келеді", деді лицей директоры Ақылбек Мүберек.